Жамбыл облысында ірі жол апатында 10 көлік соқтығысты, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Жол-көлік оқиғасы Күйік асуы маңында болған. Жол апатынан бір жолаушы қаза тауып, онға жуық адам ауруханаға жатқызылды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиға "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" халықаралық дәлізінің 544-ші шақырымында болғанын хабарлады. Түнгі 03:00 шамасында Таразға бет алған Скания маркалы жүк көлігінің тіркемесі өзінен-өзі өртеніп, салдарынан жолдағы қозғалысқа кедергі келтірген. Басқа көліктер жол жиегіне тоқтап, тіркемеден шыққан өрттің сөндірілуін күткен екен. Сол сәтте олардың артынан басқа жүк көлігі келіп соққан.
"Жалпы жол апатында 10 көлік зақымданды. Бір жүк көлігі, екі автобус және бір жеңіл автомобиль түгі қалмай өртеніп кетті. Оқиға орнында "Тойота" көлігіндегі жолаушы қаза тапты. 9 адам ауруханаға жеткізілді, олардың 3-еуі жансақтау бөлімінде жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптамалар тағайындалды", - деді Жамбыл обылстық ПД баспасөз қызметі.