Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі екінші жекпе-жегін қашан өткізетіні белгілі болды. Бұл туралы Arlan MMA Pro командасы хабарлады.
29 қарашада Лас-Вегаста өтетін UFC турнирінде Жалғас Жұмағұлов швед файтері Амир Албазиге (13-1) қарсы жекпе-жек өткізеді. Қарсыласы UFC-де бір ғана жекпе-жек өткізіп, сабмишн әдісімен жеңіске жеткен.
Бұған дейін Arlan MMA Pro командасының жаңа басшысы Дархан Бәкенов Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі екінші жекпе-жегі кейінге шегерілуі мүмкін екенін айтқан. Оның жұмыс визасын ала алмауына байланысты кездесу кейінге қалуы ғажап емес.
Естеріңізде болса, Жалғас Жұмағұлов бірінші жекпе-жегінде бразилиялық Раулин Пайваға (19-3-0) қарсы шықты. Үш раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан бразилиялық спортшыға берді.
Express.co.uk басылымының мәліметінше, Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі дебюті үшін қосымша бонустан бөлек 12 мың доллар сыйақы алған. Ал оның қарсыласы Раулин Пайваның сыйақысы – 14 000 доллар. Алайда бразилиялық спортшы жекпе-жекке артық салмақпен шыққаны үшін сыйақысын 20% Жалғас Жұмағұловқа беруге мәжбүр болған.