Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі екінші жекпе-жегінің келісімшартына отырды. Бұл туралы спортшының өзі Вестник MMA YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Жалғас Жұмағұлов келісімшарт жасалғанын айтып, алайда әзірге қашан және кімге қарсы өткізетінін құпия күйінде сақтап қалды.
"Екінші жекпе-жектің келісімшартына қол қойдым. Әзірге жариялайтын ештеңе жоқ. Дайындалып жатырмыз. Жақында анонс жасайтын шығармыз. Жекпе-жек жуырда өтеді", - деді спортшы.
Естеріңізде болса, Жалғас Жұмағұлов бірінші жекпе-жегінде бразилиялық Раулин Пайваға (19-3-0) қарсы шықты. Үш раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан бразилиялық спортшыға берді.
Express.co.uk басылымының мәліметінше, Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі дебюті үшін қосымша бонустан бөлек 12 мың доллар сыйақы алған. Ал оның қарсыласы Раулин Пайваның сыйақысы – 14 000 доллар. Алайда бразилиялық спортшы жекпе-жекке артық салмақпен шыққаны үшін сыйақысын 20% Жалғас Жұмағұловқа беруге мәжбүр болған.