18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтанда кәсіпқой бокс кеші өтеді. Сол кеште шаршы алаңға шығатын ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иван Дычконың қарсыласы белгілі болды.
Отандасымыз ресейлік боксшы Александр Устиновпен қолғап түйістіреді. Қарсыласы кәсіпқой бокста 36 рет жеңіске жеткен. 5 рет есе жіберіп, 1 жекпе-жегінде қарсыласымен тең түскен. 36 жекпе-жегінің 27-ін уақытынан бұрын нокаутпен аяқтаған. Соңғы рет қыркүйек айында WBC Asian атағы үшін шаршы алаңға шығып, украиналық Владислав Сиренкоға есе жіберген.
Александр осы жылдың наурыз айында америкалық Террелл Джамал Вудспен жұдырықтасып, тең түскен. Ал өткен жылдың шілде айында отандасы Торнике Пуричамиашвилиді жеңіп, Interim WBA Asia атағын иеленген. Мансабында WBA International, WBA Pan African және IBO Inter-Continental атақтарын алған.
Ауыр салмақтағы боксшылар арасында Александр Устинов 59-орын алады, ал Иван Дычко – 101-орында.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтандағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Данияр Елеусінов жұдырықтасады. Қарсыласы жақын күндері белгілі болады. Ол жартылай орта салмақта IBO чемпиондық белбеуіне таласады. Сондай-ақ Дәурен Елеусінов, Жанқош Тұраров, Ангелина Лукас сынды боксшыларымыз да бақ сынайды. Одан өзге алғаш рет 55,3 кило салмақта отандастарымыз Ержан Залилов пен Искандер Харсан Қазақстан чемпионы белбеуі үшін жұдырықтасады.