Италияның Сассари қаласында еркін және әйелдер күресінен Sassari City MAtteoPellicone Memorial халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстандық еркін күрес шеберлері жалпы есебі 7 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Жуырда ғана Қытайдың Сиянь қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарған Нұрғожа Қайпанов Сассариде де алдына жан салған жоқ. Өзі бақ сынайтын 70 кило салмақта жарыс жеңімпазы атанды.
61 кило салмақта Расул Қалиев финалда ирандық балуан Мұхаммадбахер Яхкешиге есе жіберген. Алайда қарсыласы марапаттау кезінде Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының ережесін бұзғаны үшін жарыстан шеттетілді. Тұғырға өз елінің спорттық киім үлгісін емес, шолақ шалбармен шыққан. Ал ұйымдастырушылар ескерту жасағанмен, спортшы құлақ аспаған. Нәтижесінде күміс медаль алған отандасымыз жарыс жеңімпазы атанды.
Жалпы финалға қазақстандық бес балуан шыққан. Өкінішке қарай, Данияр Қайсанов (74 кило), Ғалымжан Өсербаев (79 кило) пен Азамат Дәулетбеков (86 кило) финалда сүрініп, күміс медаль еншіледі.
65 кило салмақта белдескен Саятбек Оқасов пен аса ауыр салмақтағы (125 кило) Олег Болтин қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы командалық есепте 162 ұпаймен бірінші орын алды. Одан кейінгі орындарға Ресей мен Иран елінің балуандары орналасты.
Қыздар арасындағы бәсекеде Айна Теміртасова (65 кило) мен Жәмила Бақбергенова (72 кило) үздік үштікке енді.
Айта кетейік, Италиядағы турнирге грек-рим күресінен қазақ балуандары барған жоқ. Олар Алматыда өткен Б. Тұрлыханов атындағы халықаралық турнирде бақ сынады.