Қазақстандық боксшы Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы 17-ші жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Отандасымыз Берлинде бразилиялық боксшы Жулио Цезардан ұпай айырмасымен басым түсті.
Иса Ақбербаев пен Жулио Сезар арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылды. Кездесу соңынан төрешілер 117-110 116-111 117-110 есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. Нәтижесінде спорттық мансабындағы 16-шы жекпе-жегін өз пайдасына шешті. Бір кездесуі жоспарланып өтпей қалған болатын.
- Қарсылас мықты әрі тәжірибелі болды. Мен кездесу соңына жетпей аяқталады деп ойлаған едім. Психологиялық және физикалық тұрғыдан да жекпе-жекке дайын болып шықтым. Осыған дейін 31 кездесу өткізген бразилиялық боксшыны осал деп айтуға келмейді. Кездесудің екінші жартысында қарсыласымның шаршағаны байқалды. Белімнен төмен тұстан соққы жасай бастады. Тоғызыншы раундта сілтеген соққысы көзімді жарақаттады. Кейіннен ұстанған жүйемді өзгертіп, жеңіске бастар жолды таба білдім. Бұлл кездесу спорттық мансабымдағы ірі жекпе-жектердің бірі. Себебі 12 раунд бойы жұдырытасып, өзімді бір сынап та көрдім, - деді Иса кездесу соңынан.
Айта кетейік, Иса Ақбербаев GBC (Global Boxing Council) тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғады.