IBO Intercontinental тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Иса Ақбербаев жыл соңына дейін тағы бір жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.
Шаршы алаңдағы жұдырықтасу желтоқсан айында өтуі мүмкін. Әзірге, отандасымыздың қарсыласы белгісіз. Жақында ғана америкалық боксшы Джоанни Сарранды жеңгеннен кейін, Иса International Boxing Organization World тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа ие британдық боксшы Ола Афолабимен рингте кездесуді қалайтынын жеткізген еді.
Айта кетейік, Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын 2009 жылы бастаған. 5 жыл көлемінде 12 жекпе-жек өткізген жерлесіміз әзірге қарсыластарынан опық жеп көрген жоқ. Бір кездесуі жоспарланып өтпей қалған. Жылдамдығымен және ширақ қимылдарымен ерекшеленетін отандасымыз әлі кәсіпқой бокста жарқын жетістіктерін бағындырады деп сенеміз.
Иса мен Геннадий Головкин жақын достар да. GGG осы жылға жоспарлаған үшінші кездесуін 18 қазанда өткізеді. Оның қарсыласы – мексикалық Марко Антонио Рубио. Жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатындағы «StubHub Center» аренасында өтеді. Қазіргі таңда кездесудің билеттері толықтай сатылып үлгерген.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com
Оқи отырыңыз: