«Милан» тізгінін қолына ұстағанына көп уақыт бола қоймаған Кларенс Зеедорфтың жұмысына клуб президенті Сильвио Берлусконидың көңілі толмай отырған көрінеді.
Әзірге нидерландылық бапкердің маусым соңына дейін командада қалуы екіталай болып отыр. Жақын арада қызметінен босатылуы мүмкін. Өйткені, «Милан» маусымды сәтсіз бастағаннан кейін Еуропа Лигасына жолдама алуды мақсат еткен-ді. Бірақ команданың қазіргі шамасы оған да жетер еместей. Сондықтан да клуб басшылығы жаңа бапкер қарастыруға бел шешіпті.
Соңғы ақпараттар бойынша, миландық команданың жастар құрамын жаттықтырып жүрген бұрынғы клуб шабуылшысы Филиппо Индзаги бұл қызметке шақырту алыпты. Сонымен қатар, «Парма» командасының бас бапкері Роберто Донадони де бұл жұмысқа лайықтылардың бірі саналуда.
Естеріңізге сала кетсек, кеше «Милан» өз алаңында «Пармаға» 2:4 есебімен есе жіберіп, 12 жылдан кейін ресми кездесулерде төртінші рет қатарынан жеңілген еді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай