Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында Илья Ильин топ жарды. Қос жаттығу қорытындысында 432 келіні бағындырған отандасымыз алтыннан алқа тақты. Дәл осындай нәтижені өзбекстандық Руслан Нуридинов та көрсетті. Бірақ қарсыласынан салмағы жеңілдеу болған Сыр өңірінің саңлағы алтыннан алқа тақты. Қола ресейлік Давид Беджанянға бұйырды.
Жаңа салмаққа ауысқан Ильяның өнерін жанкүйерлер асыға күткені анық. Жұлқа көтеруде алдымен 183 келі, соңынан 187 келіні еңсерді. Үшінші мүмкіндігінде 190 келіні бағындырды. Ал о баста басты қарсыласы саналған өзбек Руслан Нуридинов пен қытайлық Янг Чже бұл жаттығуда жерлесіміздің алдын орап етті. Нәтижесінде Ильяға кіші қола бұйырды.
Илья Ильин серпе көтеруде ерледі. Негізгі тартыс Руслан Нуридинов, Давид Беджаниян және Ильяның арасында өрбіді. Отандасымыз алдымен 233 келіні алып, екінші мүмкіндігінде 239 келіні ала алмады. Бұл салмақты өзбек Нуриддинов алып, қоссайыс бойынша алға шықты. Илья Ильинге алтын жүлде алу үшін 242 келіні көтеру керек болған. Қалың көпшіліктің қолдауына ие болған жерлесіміз барын салды. Және бұл үдеден шыға білді. Нәтижесінде 242 еліні еңсеріп, серпе көтеруде әлем рекордын жаңартты. 240 келіні көтеруге шамасы жеткен ресейлік Давид Беджанян қоланы қанағат тұтты. Ал Ильиннен 43 грамм ауыр болған өзбек зілтеміршісі күмісті еншіледі.
Сурет: massaget.kz