Илья Ильин спорттық мансабын 32 жасында аяқтағысы келеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Илья Ильин спорттық мансабын 32 жасында аяқтағысы келеді
Фото ©️ vesti.kz

Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин үлкен спорттағы мансабын 32 жасында аяқтағысы келетінін айтты. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Сыр өңірінің саңлағы 1988 жылы дүниеге келген. 2016 жылы 28 жасқа толатын ауыр атлет Бразилиядағы Олимпиада ойындарына қатысады. Илья осыған дейін 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысу туралы да ниеті бар екенін айтқан болатын. Бұл сөзі шындыққа жанасқандай. Бүгін Қазақтың спорт және туризм академиясында докторлық диссертациясын қорғаған толағай спорттық мансабын 32 жасында аяқтайтыны туралы айта кетті.

- Менің жасап жатқан еңбегімнің жемісі, ол – тек жеңіс. Нәтиже бар, жеңіс бар. Менде көптеген жаттығулар мен жолсапарлар болды. Соған қарамай ғылыми жетекшіммен Академияда 2-3 сағаттап отырып бұл жұмысты талқылап, сараптап жүрдік. Бұл менің бапкерлік жұмысымның бастауы іспетті. Шынымды айтсам, мен 32 жасымда спортшы болу, жаттықтырушы болудағы мансабымды аяқтағым келеді. Меніңше, одан кейін өз командамда менеджер болып қалғанды қалаймын, - деді Илья Ильин.

Илья Ильин өз диссертациясын «Жоғары білікті ауыр атлеттерге ғылыми-әдістемелік негіздеме» тақырыбында сәтті қорғап, спорт және дене шынықтыру мамандығы бойынша PhD философия докторы атанды.