Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин спортқа қайта оралу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы спортшы алдағы дүйсенбіде ресми түрде мәлімдейді, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
11 маусым күні Илья Ильиннің қатысуымен ашық баспасөз мәслихаты Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтеді. Шараның басталуы сағат 12:20-ға белгіленген.
Еске салайық, Илья Ильин 2008 және 2012 жылғы Олипиада чемпионы атағынан допинге байланысты айырылып, екі жылға спорттан шеттелген еді. Шеттетілу мерзімі 2016 жылдың 10 маусымынан бастап есептелген болатын. Осылайша алдағы күндері шеттету мерзімі аяқталып, спортшы Токио Олимпиадасына Қазақстан құрамасының сапында қатысуына жол ашылады.
Осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) үстінен Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағым түсіргені жайлы ақпарат жарияланған еді.
Қазақстан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мен Халықаралық олимпиада комитеті шығарған Токио Олимпиадасына іріктеу ережесімен келіспейді. Себебі допинг дауына байланысты Ресей, Қазақстан, Армения, Әзірбайжан мен Беларусь елдері Токио Олимпиадасына екі ауыр атлеттен (бір ер, бір әйел) ғана қатыстыра алатыны жайлы айта кеткен еді.