Екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы отандасымыз Илья Ильин жаттығу жұмыстарын бастады. Бұл туралы спортшы өзінің instagram әлеуметтік желісінде хабарлап отыр.
Спортшы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында командасымен жаттығу жұмыстарына кіріскенін хабарлаған. Алда отандастарымызды Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға берілер жолдама тарататын ірі жарыстар күтіп тұр.
23-30 шілде аралығында Непал астанасы Катмандуда ересектер арасында Азия чемпионаты өтеді. Ал оған дейін 7-14 сәуір аралығында Перу астанасы Лимада жастар арасында әлем чемпионаты байрағын желбірететін болады. 6-14 мамырда Польшаның Вроцлав қаласында жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты ұйымдастырылады.
Илья Ильин мен оның командаластары ерекше күш салып дайындалатын 2015 жылғы әлем чемпионаты Америка Құрама Штаттарының Хьюстон қаласында өтеді. Маңызы жоғары додада 2016 жылғы Рио Олимпиадасына жолдамалар таратылады.
Ауыр атлетикадан ұлттық құрама бапкері Алексей Ни де 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына ерлер мен әйелдер арасында ең көп жолдаманы жеңіп алуды көздеп отыр. Ерлер арасында – 6, әйелдер арасында 4 жолдама иелену басты меже саналуда.
Сурет:vk.com