Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Катар астанасы Дохада өткен халықаралық турнирде бақ сынайды деп күтілген еді. Алайда спортшы жарыс тұғырына шыққан жоқ. Кейіннен ауыр атлет неліктен жарысқа қатыспағанын жазды.
Спортшы алдымен бұл жағдайды түсіндіруге уақыт табылғанын және ұлттық құраманы командалық есепте бірінші орын алуымен құттықтай келе бастаған. Ары қарай неге шықпаған себебін айта кеткен.
- Иә, мен қатысқан жоқпын. Барлықтарыңыз білетіндей, омыртқамда жарақат бар. Ол бір айдың ішінде жазылып кетпейтіні рас. Қазіргі таңда емделіп жүрмін. 2019 жылдың сәуір айында Қытайда өтетін Азия чемпионатына қатысамын.
Мен неге қатысу үшін тіркелдім? Негізі 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатысу үшін жаңа ережелер енгізілген. Спортшы 6 халықаралық жарысқа қатысуы тиіс. Оның ішінде 4 үздік нәтижесі назарға алынады. Бұдан ары жарысқа қатыспай қалуыма болмайды. Өзге жарыстар туралы айтпай тұрайын, ал Азия чемпионатына анық қатысуым керек, - деп жазды спортшы instagram желісінде.
Айта кетейік, қазақстандық ауыр атлет Катардағы жарыстан өзге биыл әлем чемпионатына қатысатыны жайлы айтылған болатын. Кейіннен бұл жарысқа қатыспаған еді.