Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин 2015 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлем чемпионатына қатыспайтын болды. Бұл туралы «Алашайнасы» «Мегаполис» газетіне сілтеме жасап хабарлап отыр.
Екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы атанған отандасымыздың байрақты бәсекеге қатыспауының да себебі жоқ емес. Сыр өңірінің толағайы 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарын маңызды санап отыр.
- Биыл бір турнирге қатысатыным анық. Тұғырға шығып, өзімнің шама-шарқымды байқап көруім керек. Бірақ, әлем чемпионатына қатыспаймын. Өйткені, екі жылда екі бірдей үлкен турнирге қатысу үшін жақсылап дайындалу қажет. Ал, мен өз күшімді сақтағым келеді. Менің басты мақсатым – Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында алтын алу. Бразилия жерінде жақсы өнер көрсету үшін дайындаламын, - дейді Илья Ильин.
Сонымен қатар, спортшы ауыр атлетикадан бөлек бокспен айналысып жүр екен. Жаттығу жұмыстарында көбірек жүгіруді де баса назарға алыпты.
- Жаттығу жұмыстарыма өзгеріс енгізгенім рас. Жүгіруді қостым. Бұл зілтеміршілер үшін жаңалық деп айтсақ та болады. Күніне 5-6 шақырым жүгіремін. Соңғы кездері бокспен айналысып жүрмін. Біздің командада Рүстем Сыбай жаттығады. Ол бізге бокстың әдістерін үйретіп, жаттықтырушы қызметін атқарады. Соққымды жақсылап қойып алғым келеді. Оның үстіне менің жақын достарым – Серік Сәпиев пен Бақтияр Артаев та боксшылар. Қарағандыда Рой Джонспен жақсы әңгімелестік. Сол жігіттерге қарап боксты да үйренгім келді, - деген.
Айта кетейік, осыған дейін Илья Ильин Лондонға ағылшын тілін үйрену үшін аттанған болатын.
Сурет:time.kz
Оқи отырыңыз
Илья Ильин Лондонда шеберлік сабағын өткізді