Солардың қатарында Лондон Олимпиадасында 94 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен төрт зілтемірші бар.
Олар: қазақстандық Алмас Өтешов (жетінші орын), әзірбайжандық Интигам Заиров (алтыншы орын), ресейлік Александр Деманов (төртінші орын) пен Александр Иванов (екінші орын).
Лондон олимпиадасының чемпионы, қазақстандық Илья Ильиннің допинг-сынамасы да қайта тексеруден соң оң нәтиже көрсетті.
Демек, үздік шыққан жеті спортшының бесеуінде допинг-сынама оң нәтиже көрсеткендіктен, Лондон ойындарының алтын медалі үшінші орынды иеленген молдовалық Анатолий Кырыкуға бұйырады.
«Күміс» сол кезде бесінші болған ирандық Саед Мохаммадпурға, «қола» сегізінші орынға табан тіреген кореялық Ким Мин Джеге беріледі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Кырыку спорттан сегіз жылға шеттетілді. Ол 2015 жылғы Еуропа чемпионатының қорытындылары бойынша допингпен ұсталды. Оның қанынан метенолон табылды. Алайда, ол Лондон олимпиадасында ресми түрде таза болды.
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы Рио Олимпиадасына сегіз спортшымен аттанады. Олар: Арли Чонтей (56 келіге дейін), Фархад Харки (62 келіге дейін), Нижат Рахимов (77 келіге дейін), Денис Уланов (85 келіге дейін) және Александр Зайчиков (105 келіге дейін), сондай-ақ Маргарита Елисеева (48 келіге дейін), Карина Горичева (63 келіге дейін) және Жазира Жаппарқұл (69 келіге дейін).
Осыдан бірер күн бұрын ғана еліміздің бокс құрамасы да Риоға аттанып кетті.