Алматылық «Қайрат» шағын футбол командасының қақпашысы Игита мен қорғаушысы Лео ресми түрде Қазақстан азаматтығын алды.
«Бұл ойыншылардың Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарын жазда тапсырған болатынбыз. Қазақстан Футбол Федерациясының көмегімен біз азаматтықты уақытынан бұрын алдық. Енді алдағы уақытта қос ойыншы да Қазақстан атынан халықаралық додаларға қатыса алады», - дейді команданың атқарушы директоры Дамир Балтабаев.
Қос футболшы да енді біздің құрама сапында наурыз айының соңында болатын Еуро-2014 турнирінің іріктеу кезеңінде ойнауы мүмкін.
Айта кетейік, тағы да бір «Қайрат» командасының бразилиялық ойыншысы Жива алдағы уақытта Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін. Бұл ойыншы Қазақстан аумағында бірнеше жылдан бері тұрып келеді. Сондықтан Қазақстан азаматтығын алу мүмкіндігі зор. Жива да Игита мен Лео секілді төлқұжатқа тапсырысты жаз мезгілінде беріп қойған.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz