19 сәуір күні АҚШ жерінде жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымы бойынша суперчемпион, қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов пен IBF чемпиондық белбеуінің иесі Бернард Хопкинс арасында осы дивизиондағы абсолютті чемпионды анықтайтын кездесу өтетінін хабарлаған едік.
Енді аталған жекпе-жекке байланысты букмекерлік кеңселер өз коэффициенттерін ұсына кетіпті. Ол бойынша, бұл кездесуде америкалық боксшының жеңіске жету мүмкіндігі жоғары, басқаша айтқанда Хопкинс осы кештің фавориті саналып отыр. Оған берілген коэффициент 1,46 болса, ал «Шүменов жеңіске жетеді» деген оқиға 3 коэффициентке бағаланды. Бұл кездесуде қос боксшы «тең тарқасады» дегенге 30 коэффициент берілді.
Айта кетейік, бокс кеші Астана уақытымен 20 сәуір күні сағат 09:30-да басталады. 30 жасар Бейбіт Шүменов пен 49 жастағы Бернард Хопкинс арасындағы кездесу АҚШ астанасы Вашингтонда өтпек. Егер Хопкинс жеңіске жетіп жатса, ол екі бірдей салмақта абсолютті чемпион атанған ең қарт боксшы деп танылады.
Хопкинс өзінің кәсіби мансабы жолында 64 кездесу өткізсе (оның 32-сін нокаутпен аяқтаған), Шүменов бар болғаны 15 жекпе-жекке қатысқан (оның 9-ы нокаут).
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: ringtv.craveonline.com