Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Киевте өтіп жатқан бірінші дивизиондағы әлем чемпионатының соңғы ойынында Венгрия құрамасын ұтты. Ойында отандастарымыз 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Ойындағы төрт шайбаның үшеуі бірінші кезеңде соғылды. 3 минутта Кевин Даллмэн Қазақстанды алға шығарса, 11 минутта Никита Михайлис есепті еселеді. 18 минутта Венгрия құрамасы сапында Вильмош Гал шайба соқты. Ал екінші кезеңде командалар шайба соға алған жоқ.
Ойынның аяқталуына бірер минут қалғанда Венгрия құрамасы қақпашысын ауыстырып, шабуылға ден қойды. Сондай сәттердің бірінде қарсыластарының қателігін ұтымды пайдаланған Найджел Доус Венгрия қақпасына үшінші шайбаны тоғытты.
Эдуард Занковец жаттықтыратын Қазақстан құрамасы осыған дейін Украина, Австрия, Польша құрамаларын ұтып, Оңтүстік Корея құрамасына есе жіберіп алған болатын.
Бүгін тағы екі ойын өтеді. Астана уақытымен сағат 20:00-де Польша мен Австрия, сағат 23:30-да Украина мен Оңтүстік Корея құрамалары кездеседі.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 11 ұпаймен көш бастап тұр. Дегенмен топтан екі команда ғана элиталық кезеңге жолдама алады. Австрия мен Оңтүстік Корея құрамалары бүгін қарсыластарын ұтар болса, Қазақстан құрамасы элиталық дивизионға шыға алмайды. Егер бірі ұтылар болса, келер жылы элиталық дивизионда бақ сынайды.