Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Будапештте Венгрия құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Андрей Назаров жаттықтыратын ұлттық құрама қазіргі таңда мамыр айында өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындығын жүргізуде.
Будапешт мұз айдынындағы ойында есепті қазақстандық Евгений Рымарев ашты. Ал 51 минутта Қазақстан құрамасы мажарлықтарға 2:1 есебімен есе жіберіп жатты. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Найджел Доус таразы басын теңестірді. Ал жеңіс шайбасын Брендон Боченский соқты.
Қазақстан құрамасы 1 мамыр күні Будпештте екінші жолдастық кездесуін өткізеді. Отандастарымыздың қарсыласы – Ресей құрамасы.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 6-22 мамыр аралығында Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтеді. Отандастарымыз «А» тобында Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Латвия, Норвегия және Дания құрамаларымен ойнайтын болады. Алғашқы ойынын 7 мамыр күні Швейцария құрамасына қарсы өткізеді. «А» тобындағы құрамалардың ойыны Мәскеуде өтеді.