Хоккей: «Барыс» сырт айдында «Слованды» ұтты

Ақтоты Жапатова Корреспондент
Ақтоты Жапатова>
Хоккей: «Барыс» сырт айдында «Слованды» ұтты
Фото ©️ inform.kz

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуін Астананың «Барысы» Братиславада «Слован» командасымен өткізіп, жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Осының алдындағы бес кездесуінде ұтылып, Батыс конференциясында соңғы орындардың бірінде келе жатқандығына қарамастан, «Слован» хоккейшілері оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетті. Сол секілді мұның алдындағы он бәсекесінің тоғызында қарсыласына есе жіберген астаналықтарға да шегінер жер жоқ еді. Оның үстіне өткен ойында жарақат алған команданың капитаны әрі сұрмергені Найджел Доус бұл матчқа қатыса алған жоқ.

Тартысты өткен ойынның бірінші және екінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Бірінші кезеңде айдын иелері екі мәрте сан басымдылығын пайдалана алмаса, матчтың екінші бөлігінде «Барыс» та осындай қос мүмкіндікті қалт жіберді. Есесіне шайбаның қонақтар қақпасының жақтауынан қайтқан кезі болды, кей сәттерде швециялық легионер Хенрик Карлссон аман алып қалды.

Үшінші, шешуші кезең бірден «Слованның» қауіпті шабуылымен басталды. Абырой болғанда, «Барысқа» сәттілік жолдас болып, шайба қақпаға енбей қалды.  Бұдан кейін астаналық қорғаушылар қателескенімен, оны айдын иелері пайдалана алмады. Керісінше 49-минут өте бере қақпа алдында жалғыз қалған «Барыстың» сапындағы ресейлік шабуылшы Дмитрий Шевченко (пас берген Максим Семенов) Якуб Штепанектен айласын асыра білді. Іле-шала словакиялықтар қақпаға лап қойғанымен, астаналықтар сәтті қорғана алды. Матч соңында амалы таусылған бұрын «Барысты» жаттықтырған «Слованның» бас бапкері Эдуард Занковец қақпашысын айдындағы ойыншыға ауыстырды. Мұны Кевин Даллман сәтті пайдаланып, бос қалған қақпаны дәл көздеді. Осылайша, «Слованды» 2:0 есебімен тізе бүктірген Евгений Корешковтың шәкірттері 63 ұпаймен Шығыс конференциясында алтыншы орынға көтерілді. Айта кетейік, «Барыс» келесі кездесуін 20 желтоқсан күні Мәскеуде  Батыс конференциясында алтыншы сатыда тұрған «Динамо» командасымен өткізеді. Бұл матчтың қиынға түсері анық. Содан кейін елордалықтардың бес бірдей ойыны өз айдынында болмақ.

Дереккөз: inform.kz