Футболдан Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің бірінші ойынында «Астана» Хельсенкиде «ХИК» клубымен тең тарқасты. Ойында қос клуб ойыншылары бір-бірінің қақпаларына гол соққан жоқ.
Бірінші таймда қос клуб бір-бірінің қақпасына аса қауіп төндірген жоқ. Көбіне орталық алаңда өрбіген ойын қос қақпашыны да көп мазалаған жоқ. Қарсыластарының қателігін күткен футболшылар аса сақтықпен өнер көрсетті. Бірінші тайм аяқталар тұста ғана «Астана» ойыншылары кездесудегі қауіпті сәттердің бірін тудырды. Бірақ, Бауыржан Жолшиев өз мүмкіндігі пайдалана алмады.
Екінші таймда қос клуб ширақ қимылдай бастады. «ХИК» клубының да, «Астананың» да шабуыл шебі алға ұмтылды. Алаң иелері ойын тізгінін қолға алғандай сезінгенмен, қарымта шабуылда қазақстандық клуб қарсыластарына айтарлықтай жауап қатумен болды. Бауыржан Жолшиев те есеп ашуға тағы бір мүмкіндік болған. Бұл жолы да Жолшиевтің жолы болмады. «ХИК» шабуылшылары да қарап қалған жоқ. Демба Саваж бен Атум Танака Ненад Эрич қорғаған қақпаға бірнеше рет қауіпті соққы бағыттап көрді. Қазақстандық клубтың бақытына орай, бұл соққылар таблодағы есепті өзгерткен жоқ. Нәтижесінде қос клуб 0:0 есебімен тең тарқасты. Плей-офф жолдамасының тағдыры бір аптадан кейін «Астана-Аренада» шешілетін болады.
«ХИК» (Хельсинки, Финляндия) — «Астана» (Астана, Қазақстан) 0:0
Ескертулер: Зенели 33, Баах 55 — Жолшиев 35, Постников 79
«ХИК»: Эрлунн, Баах, Хейккинен, Морен, Сорса, Саваж, Шюллер, Зенели, Мусси, Танака, Хавенаар (Джаллоу 90)
«Астана»: Эрич, Аничич, Илич, Постников, Максимович, Жуков, Кетевоама (Мужиков 80), Шомко, Нөсербаев (Щеткин 88), Жолшиев, Твумаси (Бейсебеков 90)
Бас төреші: Александру Тудор (Румыния)
29 шілде. Хельсинки.
Голдар: 0 — 0
Барлық соққылар: 7 — 10
Қақпаға дәл соққы: 3 — 2
Бұрыштама: 4 — 2
Офсайдтар: 2 — 1
Сары қағаз: 2 — 2
Қызыл қағаз: 0 — 0