Жақында ғана Испания ұлттық құрамасындағы спорттық мансабын аяқтаған мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Хави Алонсо мюнхендік «Баварияға» ауысты. Бұл туралы Хосеп Гвардиола жаттықтыратын клубтың twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы хабарлап отыр.
Футболшы бүгін неміс клубының медициналық тексеруінен өтеді. Әзірге Хави Алонсоның жаңа келісімшартының мерзімі мен трансфер құны туралы ақпарат жарияланған жоқ. Осыған дейін мюнхендік клубтың бапкерлер қосыны жақында жарақат алған Хави Мартинестің орнына жаңа ойыншы іздестірген еді. Бірнеше күн бұрын қатарларына «Рома» қорғаушысы Мехди Бенатианы алдырған.
Хави Алонсо «корольдік клуб» қатарына 2009 жылы қосылған болатын. «Ливерпульден» ауысқан ойыншының трансфер құны 35,4 миллион еуроны құраған-ды. 32 жастағы футболшы сол уақыттан бері «Реал» сапында 236 ойынға қатысып, 6 голдың авторы атанды. 32 рет нәтижелі пас берген.
Айта кетейік, жазғы трансфер кезеңінің мерзімі 31 тамыз күні аяқталады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет:twitter.com, sports.ru