Eurosport басылымы ресейлік файтер Хабиб Нурмагомедовтың мансабында қанша табыс тапқанын есептеді. Ол 24 қазанда Жастин Гэтжиді жеңгеннен кейін мансабын аяқтаған еді.
Мансабында 29 жекпе-жек өткізген файтер бір де біреуінде жеңілмеді. Хабиб Нурмагомедов 2018-2019 жылдар аралығында өткізген жекпе-жектерінде ең көлемді сыйақы алған. Бұл аралықта ол 11,5 миллион доллар табыс түсірген. Ал бүкіл мансабында 30 миллион доллар көлемінде пайда тапқан.
Салыстырмалы түрде Хабиб Нурмагомедовтың табысы боксшы Геннадий Головкиннің бір жекпе-жектен алатын сыйақысынан аз. Қазақстандық боксшы 2018 жылы мексикалық Сауль Альвареске қарсы өткізген жекпе-жегі үшін 30 миллион доллардан көп табыс тапқан.
Абу-Дабиде өткен UFC 254 турнирінде ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов (28-0) америкалық файтер Жастин Гэтжимен (22-2) кездесіп, екінші раундта жеңді. Хабиб бұл жолы қарсыласына ұшбұрыш, басқалай айтқанда, тұншықтыру әдісін қолданды. Жекпе-жек соңынан спорттағы мансабын аяқтайтынын ашып айтты.
Хабиб Нурмагомедов бұл жекпе-жекке жеңіл салмақтағы UFC чемпиондық белбеуін бәске тікті. Хабиб соңғы кездесуін 2019 жылы 7 қыркүйекте UFC 242 турнирінде өткізген. Дастин Порьемен (26-6-1) жекпе-жекке шығып, тұншықтыру әдісін қолдану арқылы жеңіп, чемпиондығын қорғап қалған еді. Бұл жолы да чемпиондығын қорғап, жеңісті сериясын 29-ға дейін жеткізді. Чемпион бұл әдісін UFC-де бірінші рет қолданды.
Айта кеткен жөн, бұл турнирде қазақстандық Шавкат Рахмонов дебюттік кездесу өткізіп, қарсыласы Алекс Оливейраны (28-8-1-2) жеңген еді. Сондай-ақ осы турнирде тағы бір қазақстандық өнер көрсетуі тиіс еді. Бірақ қарсыласы Омар Нурмагомедов (12-0) ауруханаға түсіп, Сергей Морозовқа (16-4) жаңа қарсылас табылмай қалды.