Хабиб Нурмагомедовке қатысты шешім қашан шығады?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Хабиб Нурмагомедовке қатысты шешім қашан шығады?
Фото ©️ Fox Sports, MMAjunkie

UFC 229 турнирінің басты жекпе-жегінен кейін жанжал шығарған ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов жазадан жалтарып кетпейтіні рас. Спортшының жанкүйерлері ресейліктің болашағына алаңдауда.

БӨЛІСУ

Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) төрағасы Энтони Марнелл спортшыларды қандай жаза күтіп тұрғанын ашып айтпаса да, оқиғаны барлық тұрғыдан саралап жатқандарын хабарлады.

- Оқиға қым-қуыт жағдайларға толы. Жазадан ешкім де шет қалмайды. Октагонға шыға сала МакГрегорды соққының астына алғандар да бар. Мұны бас прокурорға жеткізетін боламын. Мұндай бассыздық үшін оңай жаза болмауы тиіс.

Хабибке айыппұл сала ма, жарыстардан шеттете ме, әлде өзге шешім шыға ма? Ол жағы әзірге белгісіз. Комиссия бас прокурордың ұсынысын басты назарға алады. Жекпе-жек октагонның ішінде ғана болу керек еді. Ереже мен тәртіп бар. Шешім спортшылардың іс-әрекеттеріне байланысты шығады, - деді Марнелл ESPN басылымына берген сұхбатында.

Ирландиялық спортшы Конор МакГрегор да жазалануы мүмкін. Спортшының бассыздық кезіндегі қимылдары видеодан қаралып, комиссия өз шешімін шығаратын болады.  

NSAC отырысы 24 қазан күні өтеді. Комиссия екі тараптың да (Нурмагомедов пен МакГрегор) арыз-шағымын тыңдайды. Ал нақты шешім қараша айының соңына қарай жарияланбақ.

Айта кетейік, UFC 229 турнирінің басты жекпе-жегі соңынан Хабиб ирландиялық спортшының командасына қарсы шығып, жаппай төбелеске ұласқан еді. Ресейлік спортшы ирландиялық спортшының спарринг қарсыласы Диллон Дэниске жұдырық ала жүгірсе, UFC қатысушыларының бірі, Хабибтің досы Зубаира Тухугов октагонда Конормен шайқаса кеткен-ді. Тәртіп сақшылары жағдайды реттеп, екі спортшыны октагоннан әрең алып шыққан болатын. Сондай-ақ Хабибке чемпиондық белбеулер табысталмаған еді.

Оқиға қатысты UFC басшысы Дана Уайт та өз пікірін білдірді. Қазіргі таңда ресейлік спортшыға берілетін гонорар бұғатталған. Сондай-ақ Хабиб тәртіпсіздік танытқаны үшін чемпиондық атағынан айырылуы да мүмкін.  Не де болса, әліптің артын бағайық.