UFC 223 турниріне белгіленген жеңіл салмақтағы Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон арасындағы чемпиондық белбеу иегерін анықтайтын жекпе-жек өтпейтін болды. Бұл жайында ұйымның президенті Дана Уайт хабарлады.
Ресейлік және америкалық спортшылардың жекпе-жегі осымен төртінші рет өтпей қалып отыр. 2015 және 2016 жылдары спортшылар жарақат алып қалуларына байланысты кездесе алмады. Ал өткен жылы Хабиб Нурмагомедов салмақ қуу кезінде денсаулығы сыр бергенін айтып, жекпе-жектен бас тартқан-ды.
Бұл жолы жекпе-жектің төртінші рет өтпей қалуына Тони Фергюсонның жарақат алуы себеп болған. Америкалық спортшы кездесуге 5 күн қалғанда тізесін жарақаттап алған.
UFC 223 турнирінде Тони Фергюсонның орнына Макс Холлоуэй шығады. Хабиб пен америкалық спортшы жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін кездеседі.
- Макс Холлоуэй – нағыз майталман. Ол 2013 жылдан бері жеңілген жоқ. Конор Макгрегорға қарсы кездесуде ұпай айырмасымен ғана ұтылған болатын. Кез келген мүмкіндікті пайдалана алатын спортшы. Ол Макгрегордан кейін екі бірдей салмақта чемпиондық атаққа ие болған спортшы атануы мүмкін, - деді UFC президенті Дана Уайт.
Тони Фергюсонды неге Конор Макгрегор алмастырмады?
Жанкүйерлердің көпшілігі Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы кездесуді көргісі келеді. Осы жолы Тони Фергюсонды неге Конор Макгрегор алмастырмады? - деп сұрағандар да жетерлік. Бұл жайында Дана Уайт ESPN басылымына берген сұхбатында айта кетті.
- 6 күн ішінде Конор салмақ қуып үлгеруі екіталай. Оның үстіне ол жекпе-жекке аз күн қалғанда өзге спортшының орнына шығуға келісе салатын спортшы емес. Оған жарнама жасау үшін біраз уақыт керек. Ол қыркүйек айында екеуінің бірімен (Хабиб немесе Макс) кездесуі мүмкін, - деді.
Айта кетейік, UFC 223 турнирі 7 сәуір күні Нью-Йоркте өтеді.