Хабаровскіде боксшыларымыз тоғыз жүлде еншіледі

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Хабаровскіде боксшыларымыз тоғыз жүлде еншіледі

Бокстан Ресейдің Хабаровск қаласында Кеңес Одағының Батыры Константин Коротковты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде жерлестеріміз 2 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

БӨЛІСУ

Ақтық сынға дейін алты боксшымыз қарсылас шыдатпады. Ал финалда төрт былғары қолғап шеберіміз сүрінді.

75 келі салмақ дәрежесінде Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарған Жәнібек Әлімханұлы финалда Иран елінің боксшысы Арагидалг Яхангирден 3:0 есебімен басым түсіп, алтыннан алқа тақты. Екінші алтынды 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Нұржан Бекзатов иеленді. Ол шешуші сәтте венгриялық боксшы Иштван Бернатты тізерлетті.

Финалда сүрінген төрт боксшымыздың үшеуі ресейлік боксшыларға есе жіберді. 49 келіде Жомарт Ержан Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Василий Егоровқа жеңілсе, 64 келіде Айдар Әмірзақов тағы бір ресейлік Виктор Миргородтан ұтылды. 81 келіде өнер көрсеткен Дәурен Елеусіновтың да жолын ресейлік Еуропа чемпионы Никита Иванов кесті. Ал 52 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Әділет Құрметов КХДР боксшысы Ли Чунг Лиге есе жіберіп алды.

Қола жүлдені 56 келіде Ержан Ордабаев, Сағадат Рахманқұлов (69 келі) және Антон Пинчук (91 келі) иеленді.

Жалпы командалық есепте Ресей бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Мырзағали Айтжанов бастап барған жерлестеріміз иеленсе, үштікті Әзірбайжан құрамасы қорытындылады.

Дайыдаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kfb.kz