Грек-рим балуандары Ираннан 8 жүлдемен оралды

Аслан Қажиев Корреспондент
Аслан Қажиев>
Грек-рим балуандары Ираннан 8 жүлдемен оралды
Фото ©️ Alireza Akbari

Иран Ислам Республикасында грек-рим күресінен «Тахти Кубогы» халықаралық турнирі өтті. Бұл турнир спортшылар арасындағы рейтинг үшін дәстүрлі түрде өткізіледі. Алтын жүлдені иеленген спортшыға - 8, күміске қол жеткізген балуанға - 6, ал қола жүлдені қанағат тұтқан спортшыға 4 ұпай беріледі.

БӨЛІСУ

Қазақстандық грек-рим күресінің балуандары Бәндәр-э Мохшеһер қаласында өтіп жатқан бұл бәсекеде 2 алтын, 2 күміс, және 4 бірдей қола жүлдені ұтып алды. Грек-рим күресінен ұлттық құраманың қоржынына 67 келіге дейінгі салмақта олжа әкеліп жүрген Алмат Кебісбаев осы жолы да топ жарып, тұғырдың ең биігінен көрінді. Алматтың артын ала 72 келі салмақта күрескен Демеу Жадыраев та қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жоспарлап барған алтынды иеленіп қайтты.

63 келіге дейінгі санатта күш сынасқан Құдайберген Тұрсынов шешуші белдесуде қырғыз балуанына есе жіберді. Екінші күмістің иегері 87 келі салмақта кілемге шыққан - Хусейн Муцольгов. Хусейн финалдық кездесуде жергілікті балуан Саман Әзизаға есе жіберіп қойды. Ал, 4 қола жүлденің иегерлері: Дастан Зарлыханов және Мейрамбек Айнағұлов (60 келі), Ибрагим Магомадов (72 келіге дейін) және Азамат Қыстаубаев (87 келіге дейін).