Астана қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-Придің соңғы күніндегі іріктеу кездесулері мәресіне жетті. Қазақстандық дзюдошы қыздар қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Бүгін әйелдер арасында 78 келіге дейін және 78 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде медальдар сарапқа салынуда. Алғашқы салмақ дәрежесінде Альбина Амангелдиева жұбаныш белдесуде испандық Мерино Мартаны жеңіп, қола медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Ал 78 келіден жоғары салмақта бір қола жүлде үшін қос отандасымыз Гүлжан Исанова мен Зарина Әбдірасулова татамиге шығатын болады.
Ерлер арасында «Қазақстан барысының» финалында өнер көрсеткен Руслан Әбдіразақовқа сенім артылған еді. Бірақ, қызылордалық дзюдошы екінші айналымда өзбек Балтабай Балтаевқа есе жіберді. Виктор Демяненко да екінші айналымда сүрінді. Өзге де дзюдошыларымыз жарысты ерте аяқтады. Финалдық кездесулер Астана уақытымен 17:00-де басталады.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: @massaget.kz