Астана қаласының Ұлттық теннис орталығында өтіп жатқан Дэвис кубогының алғашқы айналымында қазақстандық теннисші Андрей Голубев ел құрамасына екінші ұпайды алып келді.
26 жастағы қазақстандық теннисші бельгиялық Давид Гоффенмен кездескен болатын. Тартысқа толы болған бірінші сет тай-брейкке созылып, нәтижесінде отандасымыз 11:9 есебімен басым түсті. Одан кейінгі екінші және үшінші сет 23 жастағы бельгиялық теннисшінің пайдасына шешілді. Андрей Голубев төртінші сетте тізгінді қайта өз қолына алып, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Нағыз қызық шешуші - бесінші сетте басталды. Соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген екі теннисші де барын салып бақты. Әр ұпай үшін күрес қыза түсті. Ақыр аяғында 4 сағат, 38 минутқа созылған айқас 12:10 есебімен жерлесіміз Андрей Голубевтың жеңісімен аяқталды.
Дәл осы сағаттарда қос құрама теннисшілері арасындағы кездесу жүріп жатыр. Алаңғы шығады деп күтілген алғашқы тізімде аздаған өзгерістер бар. Жерлестерімізден Денис Евсеевпен бірге сынға түсетін Евгений Королевтың орнына Михаил Кукушкин шығатын болды. Олар бельгиялық Оливье Рохус пен Киммер Коппеянс жұбына қарсы шығады. 2 ақпан күні Михаил Кукушкин Давид Гоффенмен жолығатын болса, тиісінше Андрей Голубев Рубен Бемельманспен күш сынасады.
Естеріңізге сала кетсек, Дэвис кубогының беташар кездесуінде қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин бельгиялық Рубен Бемельмансты 6:4, 6:7, 6:2, 6:3 есебімен тізе бүктірген еді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: gotennis.ru