Жақында Қарағандыда белгілі боксшы Геннадий Головкиннің балалық шағы өткен 14-ші ықшамаудандағы №11 үйдің ауласында балалар ойын кешенінің ашылу салтанаты өткен болатын.
Спортшының көршілері "Новый Вестник" басылымының журналистеріне қарағандылық жігіттің балалық шағын қалай өткізгенін айтып берді.
"Басқа балалар сияқты аулада кір-қожалақ болып жүгіріп жүретін. Мен біздің Генаны дүниеге келген сәтінен бері білемін. Мейірімді, елгезек бала болатын. Спортшының отбасы да жақсы. Головкиннің отбасында төрт бала болды. Өзімнің балаларым сияқты олар үшін де уайымдайтынмын. Бауырларына обал болды. Екеуі де әскерде қызмет етті. Біреуін аулада төбелес кезінде өлтіріп кетті. Екіншісі жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ол кезде Головкин кішкентай болатын. Ал егіз Максим мен Гена қазіргі уақытта тек біздің емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы болып отыр. Геннадий № 11 үйде 1-пәтерде тұратын. Бұл сандар нені білдіреді? Бұл оның әрдайым №1 болатынын білдіреді", - деді "Журавушка" балабақшасында жұмыс істеген Падиша Рахимова.
Ал боксшының екінші бір көршісі Головкиннің бірде-бір жекпе-жегін өткізбей көретінін айтады. "Соңғы рет Головкин Джейкобспен жұдырықтасқанда жүрегім тоқтап қала жаздады. Геночка, өтінемін! Келесі жолы мені бұлай уайымдатпа. Қарсыласыңды бірінші соққыдан-ақ нокаутқа түсір. Біз Максим мен Генаны бүкіл көршілер болып тәрбиеледік. Максим балалық шағында әлжуаз еді, ал Гена салмақты болатын. Сондықтан Гена оны үнемі қорғап жүретін. Мінездері мен түрлеріне қарасаң олар әр түрлі адамдар сияқты. Бірақ олар әлі күнге дейін бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Олар өмір бойына осылай жүреді. Мен оған сенімдімін", - деді Нина Михайловна.
Айта кетейік, 7 маусым күні Майқұдықта Геннадий Головкин атындағы спорт кешені ашылған болатын.