Головкиннің келесі қарсыласы Энди Ли болуы әбден мүмкін

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Головкиннің келесі қарсыласы Энди Ли болуы әбден мүмкін

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық бокшы Геннадий Головкиннің 26 сәуір күні өткізетін кезекті кездесуіндегі қарсыласы ирландиялық Энди Ли болуы мүмкін. Бұл жөнінде ESPN хабарлайды.

БӨЛІСУ

Бұл ақпартты чемпиондық атаққа бұрынғы үміткер боксшының промоутері Лу Дибелла мәлімдеді. «Біз жақын арада келісім-шартқа соңғы нүкте қоямыз деп үміттенеміз. Эндидің бұл кездесуге деген қызығушылығы зор. Ол Головкиннен басым түсетініне сенімді»,-дейді промоутер. Айта кетейік, 29 жасар боксшы 2012 жылдың маусым айында Хулио Сезар Чавестен сегізінші раундта нокаутпен ұтылғаннан кейін өзі өткізген соңғы үш кездесуінде жеңіске жектен.

Осыған дейінгі хабарларда Головкиннің кездесуі мүмкін қарсыластарының ішінде Джеймс Киркленд пен аустралиялық Дэниэл Гилдің есімдері аталған еді. Алайда, кейбір ақпарат көздері америкалық Головкинге қарсы кездесуден бас тартқан көрінеді. Оның орнына Криклендтің командасы поляк Дамиан Йонакпен кездесу үшін келісім жасасып жатыр екен. Десек те бұл кездесу 26 сәуір күні Головкиннің қатысуымен өтетін басты жекпе-жегінің алдындағы андеркарт есебінде өткізілуі әбден мүмкін.   

Ал аустралиялық Гилге келер болсақ, ол кездесудің өз елінде көрсетілмейтінін алға тартып, Головкинмен кездесуден бас тартты. Алайда ол қазақстандық боксшымен әуесқой кезеңде жүргенде жіберген есесін қайтару үшін кез-келген уақытта рингке шыға алатынын мәлімдеді.

ESPN мамандарының болжамынша, Даниэл Гил немесе Джеймс Киркленд сияқты Энди Лидің де Геннадий (GGG) Головинге қарсы кездесуде жеңіске жету мүмкіндігі өте төмен.   

Естеріңізге салар болсақ, Головкин 2014 жылға жоспарлаған төрт кездесуінің екіншісін 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткізбек. Бұл қазақстандық боксшының кәсіби мансабындағы 30-шы жекпе-жегі. Егер Гена ол кездесуде де жеңіске жетіп жатса, онда ол чемпиондық атақтарын сәтті қорғаған тарихтағы орта салмақтағы боксшылардың рейтингісінде бесінші орынға табан тірейді. Қазақстандық боксшы ақпан айының басында Монакода өткен кездесуде ганалық Осумана Адаманы жетінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан болатын. Енді оның қоржынында 29 кездесуде жеткен 29 жеңіс бар (оның 26-сы нокаутпен).   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: breakingnews.ie