Орта салмақта "WBA" (Super), "IBO", "WBC" және "IBF" тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) өзінің келесі кездесуін 17 шілде күні елордамыз Астана қаласында өтеді. Бұл туралы Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Берік Маржықбаев айтты, - деп хабарлады Vesti.kz порталының қазақ бөлімі.
- Головкин келесі кездесуін 17 шілде күні өтетіні белгілі болды. Ол келісімшартқа қол қойып қойды. Жекпе-жек "Астана-Арена" стадионында өтеді. Бұл мәселенің анық-қанығы екі аптадан кейін толық белгілі болады. Қазірден бастап ақша жинай беріңіздер. Себебі, бұл бокс кешінің билеттері қымбат болары анық. Бүгінде кәсіпқой бокс кәсіпке айналып кетті. Билеттердің құны 10-15 мың көлемінде болатын шығар,- деді Б.Маржықбаев.
Берік Маржықбаев Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегі қашан өтетінін айтқанымен, оның бұл кездесудегі қарсыласы кім болатынын нақты айтқан жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін бірнеше БАҚ отандасымыз орта салмақтағы барлық чемпиондық белбеуді біріктіру үшін WBO тұжырымының чемпионы, британдық боксшы Билли Джо Сондерспен кездеседі деген мәлімет тараған болатын.