Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 8 маусым күні шаршы алаңға шықпақ. Алайда отандасымызға қарсылас табылар емес.
Осыған дейін GGG америкалық боксшы "The Contender" ("Үміткер") реалити-шоуының жеңімпазы Брэндон Адамспен жұдырықтасады деп күтілген еді. Тіпті бұл жекпе-жек осы аптада ресми түрде жарияланатыны жайлы да ақпарат тараған. Америкалық журналист Стив Ким бұл жаңалықтың шындыққа жанаспайтыны туралы жазды.
- Брэндон Адамстың Головкинмен жұдырықтасатыны жайлы ақпарат асыра айту, - деп жазды Ким твиттер желісіндегі парақшасына.
Бұл ақпаратты поляк спорт шолушысы Пржемек Гарцарчик та растауда.
- Жаңалық: Адамсқа Головкинмен жұдырықтасу үшін дайындала беруге ерте сияқты, - деп жазды.
Гена DAZN стримингтік сервисімен үшжылдық келісімшартқа қол қойған болатын. Маусымда осы келісім бойынша алғашқы жекпе-жегіне шығады. Отандасымызға қарсылас атануы мүмкін боксшылар қатарында поляк Камил Шеремета (19-0, 4 KO) бар.
Маусымдағы жекпе-жектен кейін Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек ұйымдастырылуы да мүмкін. Ол үшін мексикалық боксқы 4 мамыр күні Лас-Вегаста америкалық боксшы Дэниель Джейкобсты жеңуі тиіс.