Ертең, нақтырақ айтсақ 27 шілде күні таңертең Нью-Йорктегі 20 мың көрермендік «Madison Square Garden» кешенінде орта салмақтағы WBA (Super) және IBO чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен аустралиялық Дэниэл Гил арасында чемпиондық атақтарды сарапқа салатын үлкен бокс кеші өтетінін спортсүйер қауым жақсы біледі. Қазіргі таңдағы кәсіпқой бокс нағыз саңлақтар шайқасы саналғанмен, қаржыны күреп табудың бір жолы да. Ендеше төрткүл дүние көз тіккен алыптар шайқасы бірінші раундта-ақ аяқталып қалады деп айту қиындау. Өйткені, ақы төлеп тікелей көрсетілім таратып отырған арналар үшін тиімді емес.
Геннадий Головкин үшін Гилмен болатын кездесу кәсіпқой мансабы жолындағы 30-шысы саналады. Оған дейін 29 жекпе-жектің барлығында да жеңіске жеткен ол 26-сын уақытынан бұрын (нокаут немесе техникалық нокаут) аяқтаған. Ал Гилдің еншісінде 30 жеңіс пен 2 жеңіліс бар.
GGG спорттық мансабындағы ең мықты қарсыласпен жұдырықтасқалы отыр деп қарайтындар бар. Бірақ отандасымыз бұл жекпе-жекте айқын фаворит екені айдан-анық. Ал аустралиялық боксшы болса, Генаның рухын түсіру мақсатында барынша тілі мен жағына сүйенуге тырысты. Ол «осыған дейін Головкинге мықты қарсылас кездескен жоқ. Соның арқасында ғана осындай атақтарға қол жеткізді. Промеутерлері азулы қарсылас таңдауға жүрексінеді. Бірақ, алдағы жекпе-жектің деңгейі мүлде бөлек болмақ. Демалыс күні оның шын мықтыға қалай қарсы тұратынын байқайтын боласыздар», – деген-ді. Ал өз кезегінде жерлесіміз қарсыласына құрмет танытып, барлығын рингте шешуге бел байлап отыр. Осыған дейін Головкиннің бапкері Абель Санчес Гилді қазақстандық боксшының ең лайықты қарсыласы деп таныған болатын. Оның сөзінше, аустралиялық боксшы неғұрлым жақсы жұдырықтасатын болса, Головкин соғұрлым өз-өзін ашып өнер көрсетпек.
Аталған жекпе-жекке орай, букмекерлік кеңселер де боксшыларға өз коэффициенттерін «үлестіріпті». Ол бойынша, кездесудің айқын фавориті ретінде Головкин саналып отыр. Оның жеңісіне бар-жоғы 1,07 коэффициент берілсе, «Гил басым түседі» деген оқиғаға 10 коэффициент тігіліп отыр. Ал жекпе-жек тең аяқталып жатса, бастапқы қойған сомаңыз 50 есе көбейеді. Бокста тең нәтиженің тіркелуі некен-саяқ кездесетінін ескерсек, мұндай жоғары коэффициенттің қойылуы кездейсоқ емес екенін аңғаруға болады. Жекпе-жек үшін Геннадий Головкин 750 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алса, қарсыласына 600 000 АҚШ доллары бұйырады.
Шаршы алаңдағы жекпе-жекті физикалық дайындық пен ұстанар жүйе, тәжірбие мен рингтегі рух шешері анық. Бұл тұрғыдан қос былғары қолғап шебері де тас-түйін дайын екендіктерін мәлімдеп үлгерді. Ал кездесудің нақты қанша раундқа созыларын дөп басып тағы да айта алмаймыз. Генаның бас бапкері Абель Санчес Гилдің шәкіртіне қарсы 12 раунд бойы төтеп бере алатынына күмәнмен қарауда. Америкалық «Bleacher Report» спорт басылымы бұл шайқас жетінші раундта мәресіне жетеді деп болжауда. Айқын фаворит саналып отырған отандасымыздың жеңіске жетеріне шүбә келтірмеген. Бәлкім, бағы мен бабы қатар шауып жатса, GGG бұл раундқа да қарсыласын жеткізбеуі бек мүмкін. Бүкіл қазақ елі тілеуін тілеп отырған былғары қоғап шеберіміз үмітті ақтайды деген сенімдеміз.
Геннади Головкин мен Дэниэ Гил арасындағы жекпе-жек 27 шілде күні Астана уақытымен таңғы сағат 06:30-дa басталады деп күтілуде. Қазақ елінің көрермендері жерлесінің өнерін «KazSport» және «Қазақстан» ұлттық арнасынан тікелей эфирде тамашалай алатын болады.Жерлесімізге сәттілік тілейміз! Айтпақшы, сіздер бұл жекпе-жекті неше раундқа созылады деп ойлайсыздар?
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: allboxing.ru