Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы World Boxing-ке мүше азиялық елдердің алғашқы жұмыс отырысына қатысады. Бұл жиын Тайландтың Чиангмай қаласында өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесудің басты мақсаты - жаңа Азия бокс конфедерациясын құру.
Еске салайық, бұған дейін World Boxing Азия аймағында боксты дамыту және ілгерілетумен айналысатын ұйымның құрылғанын ресми түрде жариялаған еді.
Жиын барысында World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Тайланд Бокс федерациясы мен Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Пичай Чунхавадзирамен екіжақты кездесу өткізеді.
Сонымен қатар Қазақстан ҰОК басшысы Чиангмайда 10-11 желтоқсан аралығында өтетін Азия чемпионатының финалдық бәсекелерін тамашалайды.
Еске салайық, қазақстандық тоғыз боксшы Азия чемпионатының финалына шыққан еді. Финалдық жекпе-жектер 11 желтоқсан күні өтеді.
Қазақстан құрамасы 13 салмақта да боксшы ала барған. Өкінішке қарай, Сәкен Бибосынов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Бибарыс Жексен жартылай финалға шыға алмады.
Әйелдер арасында 5 боксшымыз финалда жұдырықтасады. Олардың финалдық жекпе-жегі 10 желтоқсан күні өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!