Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин америкалық беделді The Ring басылымының жаңарған рейтингісінде өзінің бұрынғы бірінші орнын сақтап қалды.
Өткен аптада Головкин өз атақтарын қорғау үшін ганалық Осумана Адамаға қарсы рингке көтеріліп, жетінші раунда техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Осылайша қазақстандық WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы деген атағын он рет қатарынан (IBO бойынша жетінші) сәтті қорғап, ал 16 рет қатарынан кездесуді уақытынан бұрын аяқтады. Сонымен ол 29 кездесуінің барлығында да жеңіске жетіп, оның 26-сын нокаутпен аяқтады.
Одан бөлек, бұл жеңістен кейін Головкин қазіргі таңдағы әлем чемпиондары арасындағы ең үздік нокаутшы деген атағын да сақтап қалды. Қазақстандық өзі өткізген жекпе-жектерінің 89,66 пайызын уақытынан бұрын аяқтаған.
Дегенмен The Ring өзінің рейтингінде орта салмақтағы «суперчемпион» деген атаққа аргентиналық Серхио Мартинесті (WBC чемпионы) лайық деп тапқан. Айта кетейік, Головкин аталған боксшымен кездескісі келетінін бірнеше рет айтқан еді.
Қазақстандық боксшының ендігі 30-шы кездесуі 26 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өтеді деп жоспарланған. Әзірге қарсыласының кім болатыны белгісіз. Ал аустралиялық Даниэл Гилдің бұл кездесуден бас тартқанын осыған дейін хабарлаған болатынбыз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: allboxing.ru