WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин спорттық мансабындағы 33-ші кездесуін жеңіспен аяқтады. Қазақстандық боксшы АҚШ-тың Калифорния штатында кіші Вилли Монроны алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңіп шықты.
Бірінші раундтан бастап-ақ қарсыласын ауыр соққылардың астына алған GGG америкалық боксшының адымын аштырмады. Ал екінші раундта екі рет қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ Вилли Монро кездесуді жалғастыруға қауқары жететініне бас шұлғып, кездесуді жалғастырды. Төртінші, бесінші раундтарда америкалық боксшы бар өнерін салуға мүмкіндік алды. Генаны сұлатып салмаққа да бекінген болатын. Бірақ бұл беталысынан нәтиже шықпады. Кездесу соңынан GGG бұл раундтарда қарсыласына мүмкіндік беріп, көрермендерге тартысты жекпе-жек көрсетуді ойлағанын жеткізді.
Геннадий Головкин алтыншы раундта Вилли Монроны нағыз қыспаққа алды. Оның үсті-үстіне бағыттаған соққыларына америкалық боксшы төтеп бере алмады. Нәтижесінде Вилли Монро бас қазы Джек Рейске жекпе-жекті жалғастыра алмайтынын мәлімдеді.
Кәсіпқой бокста еліміздің абыройын асқақтатын жүрген Геннадий Головкин осыған дейінгі өткізген кездесулерінен жоғары сыйақы алады. Отандасымызға - 1 500 000, ал Вилли Монроға 100 000 АҚШ доллары табысталатын болады.
Жеңіс соңында HBO тілшісіне берген сұхбатында GGG: «Келесі қарсыласым Сауль Альварес пен Мигель Котто арасындағы жекпе-жектің жеңімпазы болады», — деді. Осыған дейін белгілі болғандай, қазақстандық боксшы келесі кездесуін қыркүйек айында өткізуді жоспарлап отыр.