IBO және WBA тұжырымындағы орта салмақтың Әлем чемпионы Геннадий Головкин мен британдық боксшы Мэттью Маклин арасындағы кездесу ресми түрде мақұлданды. Ертеректе жоспарланғандай бұл жекпе-жек 29 маусым күні өтетін болады.
Бұл былғары қолғап шеберлерінің арасындағы кездесу Коннектикут штатының Машантакете қаласында өтеді. «Boxing After Dark» деп аталатын бокс кешінде Гена мен Маклин арасындағы кездесуі кештің ең маңыздысы болмақ. Және де бұл боксшылар арасындағы матчты НВО телеарнасы тікелей таратады.
Осыған орай бүгін АҚШ жерінде қос боксшының қатысуымен баспасөз жиналысы болып өтті. Жиналыс барысында екі былғары қолғап шебері алдағы жекпе-жек туралы ойларын білдірді.
Геннадий Головкин: «Мен Құрама Штаттарда жұдырықтасатыныма өте қуаныштымын. Мэттью Маклин – өте ақылды және мықты қарсылас. Мен 29 маусымда өтетін кездесуді асыға күтудемін. Маклиннің қатысуымен өткен бірнеше жекпе-жектерді тамашаладым. Сондықтан алдағы кездесу оңайға соқпайтынын мен жақсы білемін».
Мэттью Маклин: «Кәсіпқой бокста Головкин жолындағы барлық қарсыласын жеңіп келеді. Ол қазір орта салмақтағы ең мықты боксшылардың бірі. Дегенмен Генаның осы уақытқа дейінгі қарсыластарын мен мықты боксшылар деп атай алмаймын. Егер де салыстырмалы түрде қарайтын болсаңыздар, екеуміздің арамыздағы кім шынайы мықтылармен жұдырықтасқаны мәлім болады. Мен Германия жерінде Феликс Штурммен жұдырықтастым. 11 раунд Серхио Мартинеске де қарсы тұрдым. Ал соңғы кездесуімнің бірінші раундында-ақ әлемнің экс-чемпионы Джохим Альсинді нокаутқа түсірдім. Міне, осы жәйттерге мән беретін болсаңыздар, бұл жұпта мен айқын фоварит саналамын».
Айта кетейік, дәл осы бокс кеші аясында шаршы алаң төріне Головкин-Маклин арасындағы кездесуден өзге, Томас Вестхайзен мен Брэнд Гонсалес, Уилли Нельсон мен Джошуа Клотти сынды боксшылар шығады.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай