Головкин мен "Канело" үшінші жекпе-жекті өткізуге келісті

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Головкин мен "Канело" үшінші жекпе-жекті өткізуге келісті
Фото ©️ DAZN

Бокстан орта салмақта IBF және IBO тұжырымдарының чемпионы Геннадий Головкин мен WBA мен WBC чемпиондық белбеулерінің иегері Сауль Альварес үшінші жекпе-жекті өткізуге келісті. Бұл туралы The Athletic басылымының инсайдері Майк Коппинджер хабарлады.

БӨЛІСУ

Оның айтуынша, боксшылар бірнеше ай бұрын үшінші жекпе-жек өткізуге келісіп қойған. Головкин – "Канело" ІІІ айқасы келер жылдың мамыр айына жоспарланған. 

Үшінші жекпе-жекте "Канело" 45 миллион доллар сыйақы алады екен, ал Головкинің сыйақысы – 30 миллион долларды құрайды. 

Биыл қос боксшы бір ғана жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. Күзде GGG поляк боксшысы Камила Шереметаға қарсы чемпиондық белбеуін қорғайды. Жекпе-жек қазан не қараша айында АҚШ-та өтеді деп күтілуде. Ал Сауль Альварес 12 қыркүйек күні екінші орта салмақта WBA супер чемпионы Каллум Смитпен жұдырықтасады. 

Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы екі жекпе-жек те Лас-Вегаста өтті. 2017 жылы өткен бірінші кездесуде боксшылар тең тарқасса, екінші айқаста "Канело" төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.