Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен британдық Келл Брук Лондонда ресми баспасөз мәслихатын өткізіп, көз арбасты.
Қос боксшы арасындағы салмақ өлшеу рәсімі ертең өтеді. Ал жекпе-жек 10 қыркүйекке жоспарланған. Қазақстандық жанкүйерлер бұл кездесуді «Қазақстан» және «KazSport» арналарынан тамашалай алады. Отандасымыз Астана уақытымен кешкі сағат 23:00 шамасында шаршы алаңға көтеріледі.
Айта кетейік, осыған дейін Геннадий Головкин мен Келл Бруктың жекпе-жектен алатын сыйақылары белгілі болған еді.
Келл Брук бірінші орта салмақта жұдырықтасып келген боксшылардың бірі. Осыған дейін 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 25-де қарсыласын нокаутпен ұтқан. IBF чемпиондық атағына ие. Соңғы жекпе-жегін наурыз айының 26 жұлдызында өткізген. Шеффилд (Англия) қаласында өткен жекпе-жекте канадалық Кевин Бизьені екінші раундта нокаутпен ұтқан.