Головкин мен Альварес Лос-Анджелесте көз арбасты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Головкин мен Альварес Лос-Анджелесте көз арбасты
Фото ©️ HBO boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-1, 34 КО) екінші жекпе-жек алдында алғаш рет бетпе-бет кездесіп, көз арбасты.

БӨЛІСУ

Баспасөз құралдары мен жанкүйерлерге арналған салтанатты шара Лос-Анджелесте өтті. Боксшылар тілшілер сұрақтарына жауап беріп, алдағы жекпе-жек жайлы ойларын айтып, дайындық жоспарларымен бөлісті.

- Мен әрқашан әділдік болғанын қалаймын. Бірінші кездесуде бұра тарту болды. Ондай жағдай боксқа зиянын тигізеді, - деді GGG.

Сондай-ақ қазақстандық боксшы НВО комментаторлары Джим Лэмпли, Рой Джонс пен Макс Келлерманды да сынға алды.

- Мен шаршы алаңда күткен нәтиже мен жекпе-жекті жүргізген комментаторлар сөзі бір-біріне ұйқаспайды. Мен бұған таң қалдым. Комментаторлар да өз көзқарасын білдіре алады. Бұның маған келіп-кетері болмаса да, бокс үшін зияны көп. Мен өзімді жеңдім деп санаймын. Статистика да менің жеңгенімді көрсетеді. Жанкүйерлер де солай ойлайды. Рингтен шыққанымда ешкім маған ысқырып наразылық танытқан жоқ, - деді отандасымыз.

Мексикалық боксшы да сөз алып, екінші жекпе-жекте Головкинді нокаутқа түсіретінін айтты.

- Бәрі менің одан қашпайтынымды, қайда өтсе де жұдырықтасуға дайын екенімді жақсы біледі. Мұны мен дәлелдедім де. Бірінші жекпе-жек алдында олар мені нокаутпен ұтамыз деген. Қайдағы, мен тағы осында келіп отырмын. Мен одан қорықпаймын. Екінші кездесуде нокаутқа түсіремін, - деді Канело.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес 5 мамыр күні Лас-Вегастағы "T-Mobile Arena" кешенінде (бірінші кездесу де осында өткен) жұдырықтасады. Бұл күні Мексиканың ұлттық мейрамы Синке де Майо тойланады. 1862 жылдың осы күні Мексика әскері Пуэбла қаласында француз әскерін жеңген. Бұл күні Мексикада түрлі фестивальдар мен карнавалдар ұйымдастырылады. Кей өңірлерінде бір аптаға дейін атап өтіледі.