Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің командасы боксшылардың екінші жекпе-жегін өткізу жайында келісімге келіп, өтетін уақытын мақұлдады. Бұл жайында Fox Deportes басылымы хабарлады.
Басылым ақпараты бойынша қос боксшы арасындағы екінші кездесу мамыр айының басында өтеді. Осыған дейін айтылғандай, 5 мамыр күнгі Мексиканың ұлттық мерекесі Синко де Майомен тұспа-тұс келетін секілді.
"Канелоның" командасы жекпе-жек келісіміне қол қойса, ресми түрде хабарланатын болады. Ал бұл бокс кешінің қайда өтетіні әзірге белгісіз. Қос боксшының шаршы алаңдағы текетіресін Далластағы "AT&T Stadium", Нью-Йорктегі "Madison Square Garden", Лас-Вегастағы "T-Mobile Arena" спорт кешендері қабылдауға ниетті. Ал Геннадий Головкин бір сөзінде Сауль Альвареспен Мексика жерінде де жұдырықтасуға дайын екенін айтқан еді.
Айта кетейік, қос боксшы арасындағы бірінші жекпе-жек 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтіп, тең нәтиже тіркелген еді.