WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин спорттық мансабындағы 34-ші кездесуін өткізіп, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында IBF белбеуінің иегері Давид Лемьені сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Геннадий Головкин мен Давид Лемье арасындағы жекпе-жек сегіз раундқа созылды. Алғашқы кездері екі боксшы бір-бірін бақылап, аса жоғары сақтық танытты. Ал Геннадий төртінші раундтан бастап бірнеше ауыр соққы жасау арқылы Давидті біраз састырғаны байқалды. Дегенмен канадалық боксшы барлығын өз бақылауында ұстағанға ұқсайды. Бесінші раунда Гена ауыр соққы жасау арқылы қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ Давидге кездесуді жалғастыруға ринг гонгы көмектесті. Алтыншы, жетінші раундта канадалық боксшы бар өнерін салуға мүмкіндік алды, алайда отандасымыз оның айла-тәсілдеріне кері шабуыл арқылы жауап қайтарды. Сегізінші раундта қазақ боксшысы Давидті техникалық нокаунтпен жеңді.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы бұл жекпе-жектен екі миллион доллар алады, ал оның қарсыласы болса кездесуге қатысқаны үшін бір жарым ммиллион доллар гонорарға ие болады. Бұл Головкиннің мансабындағы ең үлкен гонорар болып табылады.