Канадалық кәсіпқой боксшы Давид Лемье (33-2, 31 КО) орта салмақта WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдарындағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкинмен (31-0, 28 КО) жекпе-жек өткізгісі келетінін тағы да мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.kz.
«Бүкіл ел Головкин, Головкин деп шулай береді екен осы, мен үшін кім бопты ол Головкин. Мен одан қорықпаймын. Уақыты келіп, кездесу ұйымдастырылып жатса, нағыз боксшының қандай болатынын көрсетемін оған әлі-ақ», - дейді Лемье Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында.
Давид Лемье америкалық боксшы Габриэль Росадоны жеңгеннен кейін жеңістің буы ұрып, келесі кезекте орта салмақтағы ең үздік боксшы Головкинмен кездескісі келетінін мәлімдеген болатын. Канадалық боксшымен жұмыс жасайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы да 2015 жылдың жазында Головкин мен Лемье арасында жекпе-жек ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
сурет: ytimg.com