Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы саналатын қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин жазда өтуі мүмкін кездесуге байланысты жасаған мексикалық Хулио Сезар Чавес кішінің ұсынысын қабылдауға дайын. Бұл жөнінде Los Angeles Times сайты хабарлады.
Осыған дейін Головкиннің 26 сәуірде Энди Лиге қарсы өтуі тиіс болған жекпе-жектен отбасылық жағдайына байланысты бас тартқанын хабарлаған болатынбыз. Ал Чавес болса наурыз айының басында америкалық Брайан Верамен болған қарымта кездесуде де жеңіске жеткен болатын. Бұл бокс кешін Головкиннің бапкері Абель Санчес пен промоутері Том Леффлер арнайы келіп тамашалады.
Осы жеңісінен кейін Чавес ендігі кезекте Головкинмен күш сынасқысы келетінін ашық айтқан еді. Леффлер болса, мексикалық боксшының промоутері Боб Аруммен алдағы уақытта орын алуы мүмкін жекпе-жектің кейбір детальдарын талқылап үлгергенін айтып отыр. Оның сөзінше, Головкин бұрыннан бері осындай жоғары дәрежедегі кездесуге шығуды көксеп келеді. Егер бар мәселе шешімін тауып, келісім-шарт жасалып жатса, қос боксшы рингке шілде айында шығып қалуы әбден мүмкін.
«Головкин титулдарды біріктіру үшін атақты боксшылармен кездескісі келеді. Алайда біз чемпиондарды онымен шығуға көндіре алмай келеміз. Ал Чавес болса көпшілік қызығушылық танытып отырған, алдыңғы қатарлы қарсылас саналады. Егер Головкин мен Чавес арасындағы үлкен кездесу орын алып жатса, ол 12 шілде күні Лос-Анджелес (Калифорния штаты) қаласының маңындағы Инглвудте орналасқан «Форум» (Forum)» жабық аренасында өтуі мүмкін. Бұл бокс кешіне арналған керемет орын",-дейді Леффлер.
Айта кетейік, осыған дейін америкалық Bleacher Report сайтында Головкин мексикалық Хулио Сесар Чавес кішінің алдағы уақытта кездесуі мүмкін қарсыластары тізімінің көшін бастады. Одан бөлек, ESPN спорт телеарнасы да Головкинді Чавестің қарсыластары қатарына енгізгенін хабарлаған болатынбыз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: profiboksz.hu