Журналист Алден Чодаш Boxingnews24.com порталында жариялаған мақаласында орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің арасында 16 қыркүйекте өтетін жекпе-жектің қорытындысына бес түрлі болжам жасады, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Автордың пайымдауынша, Сауль Альварес төрешілердің көбісінің шешімімен жеңіске жетеді.
"Бірінші қорытынды: "Канело" нокаутпен/техникалық нокаутпен жеңеді
Ықтималдылығы: тым аз
Екінші қорытынды: "Канело" бірауыздан төрешілердің шешімімен жеңіске жетеді.
Ықтималдылығы: 20 пайыз
Үшінші қорытынды: "Канело" етене ұрыста төрешілер шешімімен жеңіске жетеді
Ықтималдылығы: 60 пайыз
Төртінші қорытынды: Головкин етене ұрыста төрешілер шешімімен жеңіске жетеді
Ықтималдылығы: 50 пайыз
"Бесінші қорытынды: Головкин нокаутпен/техникалық нокаутпен жеңеді
Ықтималдылығы: 40 пайыз
Болжанған қорытынды: "Канело" төрешілердің көбісінің шешімімен жеңіске жетеді", - делінген мақалада.
Флойд Мейвезер мен оның әкесі алдағы жекпе-жекте мексикалық боксшының жеңіске жететінін айтқан еді. Ал украиналық Владимир Кличконың бапкері Джеймс Али Башир Головкиннің сөзсіз жеңіске жететініне сенімді.
Өз кезегінде Сауль Альварестің промоутері бұл жекпе-жектің сегіз раундтан аспайтынын болжайды.
Айта кетейік, Головкин - "Канело" жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena аренасында өтеді.
Сауль "Канело" Альвареске қарсы жекпе-жекте Геннадий Головкин орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық "The Ring" журналының белбеуін бәске тігеді.