Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин спорттық мансабындағы 37-ші жекпе-жегін америкалық Дэниэль Джейкобсқа қарсы өткізетін болды. Бұл туралы боксшы «instagram» желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
- Ресми түрде хабарлаймын. 18 наурыз күні «Madison Square Garden» кешенінде Дэнни Джейкобспен жұдырықтасамын. «НВО» арнасы мен «РРV» жүйесі арқылы көре аласыздар, - деп хабарланды.
Америкалық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабын 2007 жылы бастаған. Одан бергі аралықта 32 жекпе-жек өткізген. Оның 31-де қарсыластарынан басым түскен. 29 кездесуінде қарсыластарын уақытынан бұрын ұтып шыққан. Тек 1 жекпе-жегінде ғана жеңілген. 2010 жылы орта салмақта «WBO» уақытша белбеуіне таласта ресейлік Дмитрий Пирогтан жеңілген.
Дэнил Джейкобс орта салмақта «WBA» нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуге ие. Ол бұл белбеуді 2014 жылы аустралиялық Джаррорд Флетчерге қарсы жекпе-жегінде жеңіп алған болатын. Генаға қарсы кездесуде өз атағын бесінші рет қорғайтын болады.
Айта кетейік, Геннадий Головкин осыған дейін 36 жекпе-жек өткізді. Барлығында жеңіске жетті. 33 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Жақында ғана орта салмақта осы уақытқа дейін өткізген жекпе-жектеріндегі нокауттарының пайыз көрсеткіші бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген еді.