ESPN Deportes телеарнасы орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) не үшін Мексикаға барғаны жайлы хабарлады.
Қазақстандық боксшы Мексикаға промоутері Том Леффлер және жаттықтырушысы Абель Санчеспен бірге барды. Айта кетейік, Абель – Мексика елінің тумасы. 6 жасында отбасымен бірге АҚШ-қа көшкен.
Геннадий Головкин Мексикаға Бүкәлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман шақыртуымен барған. GGG қазан айында Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткен WBC конвенциясына отбасылық жағдайына байланысты қатыса алмаған еді. Сондықтан да Маурисио ұсынысы бойынша Мексикаға баруға бел буған.
Бүгін боксшы Мехикодағы ауруханалардың біріне барады. Ал ертең жергілікті тілшілермен баспасөз мәслихаты өтеді. Осыған дейін белгілі болғандай, боксшы қыркүйек айында Мексикада болған жер сілкінісі қорына да қаржылай көмек көрсететін болады.
Геннадий Головкин мен оның командасы Мехикоға ат басын бұрысымен Ацтек стадионындағы "Нью-Ингленд Пэтриотс" пен "Окленд Рэйдерс" командалары арасындағы ойынды тамашалады. Үзіліс кезінде алаңға шығып, құрметті қонақтар қатарында болды.
Айта кетейік, GGG Мексикаға 2014 жылы барған еді. Қазіргі таңда әлем таныған қазақстандық боксшыға қолдау көрсететін мексикалық боксшылар да жетерлік.