Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы болуы мүмкін 7 боксшы

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы болуы мүмкін 7 боксшы
Фото ©️ americansport.ru, Oleg Chursin, ToFight.Ru

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін күзде өткізуі мүмкін. Ал қарсыласы кім болмақ?

БӨЛІСУ

Спорт жанкүйерлері үшін Генаның қашан шаршы алаңға шығатыны маңызды емес, кіммен жұдырықтасатыны маңыздырақ. Қазақстандық боксшымен қолғап түйістіруге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. "Мықтымын деген" Мартиросян екі раундқа ғана шыдады. Жекпе-жекті қанша уақыт күткен көрермен шаршы алаңдағы шайқастан ләззәт алып үлгермеді де...

Иә, 5 мамырда Головкин мен Альварес жұдырықтасуы тиіс еді. Мексикалық допинг сынамадан өте алған жоқ. Нәтижесінде отандасымызға Ванеспен жұдырықтасуға тура келді. Ал 6 ай бокстан шеттетілген Сауль Альварестің жаза мерзімі тамыз айының орта тұсында аяқталады. Қос боксшы қайта жұдырықтасады деп дөп басып айту қиын. Гена қайта жұдырықтасуға қарсы емес. Дегенмен Альварес - Головкин жекпе-жегі тағы өтпеуі мүмкін деген қауесеттер шығып отыр.

Америкалық белгілі бокс шолушыларының бірі Дэн Рафаэль ESPN сайтында жариялаған мақаласында қазақстандық боксшы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен келісімге келе алмаған жағдайға жақсы қарсылас болатын боксшылар тізімін жасады. Осыған бір үңіліп көрсек.

1. Джермалл Чарло

Спорт шолушысы Геннадий Головкинмен жұдырықтасуы мүмкін боксшылардың алдыңғы қатарына америкалық Джермалл Чарлоны қойған. Ол орта салмақта WBC тұжырымы бойынша "уақытша" чемпиондық атаққа ие. Қазақстандық боксшының міндетті қарсыластарының бірі.

Джермалл Чарло кәсіпқой бокста 27 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 21 кездесуінде қарсыласын нокаутпен ұтқан.

2. Билли Джо Сондерс

Геннадий Головкинге абсолютті чемпион атануға жетіспей тұрғаны - WBO белбеуі. Ал бұл атақ Билли Джо Сондерс еншісінде. 23 маусым күні Ұлыбританияда отандасы Мартин Мюрреймен жұдырықтасады. Өз атағын қорғайтын болады. Ал Мартин 2015 жылы Генамен кездесіп, 11 раундқа дейін жұдырықтасқан боксшылардың бірі.

Билли Джо Сондерс кәсіпқой бокста 26 жекпе-жек өткізген. Барлығында қарсыласынан басым болған. 12 кездесуінде қарсыласын нокаутпен ұтқан.

3. Сергей Деревянченко

Қазақстандық боксшының IBF тұжырымы бойынша міндетті қарсыласы - украиналық Сергей Деревянченко. Кәсіпқой бокста 12 кездесу өткізіп, барлығында жеңіп келеді. 10 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. 2016 жылы аустралиялық Сэм Солиманды ұтқаннан кейін IBF чемпиондық атағына үміткерлердің бірі саналып келеді.

4. Дэниель Джейкобс

Америкалық боксшы 2017 жылдың наурызында Геннадий Головкинмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен ұтылған болатын. Одан бергі аралықта 2 кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Екі апта бұрын поляк Мацей Сулецкийді жеңді.

5. Риота Мурата

Геннадий Головкинді жекпе-жекке шақырып жүрген боксшылардың бірі – Риота Мурата. Орта салмақта WBA ұйымының тұрақты чемпиондық атағына ие. Кәсіпқой бокста 15 кездесу өткізіп, бір рет қана жеңілген.

6. Деметриус Андраде

Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын америкалық боксшы кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. 25 жекпе-жегінің барлығында ұтқан. 16 кездесуінде қарсыласын нокаутқа түсірген.

Дэн Рафаэль осы боксшылардың бірі Генаның келесі қарсыласы атануы мүмкін деп болжауда. Ал Ringside Boxtalk басылымы қазақстандық Геннадий Головкинге алдағы жекпе-жектерде қарсылас атануы мүмкін боксшылар қатарына Хильберто Рамиресті де қосқан. Мексикалық боксшы екінші орта салмақта жұдырықтасады. 37 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. WBO чемпиондық атағына ие.