Орта салмақта WBA Super, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкиннің келесі кездесуі қайда өтетіні белгілі болды.
BoxRec порталы таратқан мәлімет бойынша, 5 мамырға белгіленген жекпе-жек Лас-Вегас қаласындағы MGM Grand спорт кешенінде өтеді. Отандасымыздың қарсыласы әлі белгісіз. Ал Генаның Сауль "Канело" Альвареспен кездесуі Лас-Вегастағы T-Mobile Arena спорт кешенінде өтуі керек еді.
Еске салайық, 3-сәуірден 4-сәуірге қараған түні мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварестің (49-1-2, 34 КО) жекпе-жектерін ұйымдастыратын Golden Boy промоутерлік компаниясы арнайы баспасөз жиынын ұйымдастырды. Онда "Канелоның" қазақстандық боксшыға қарсы өтетін жекпе-жегі болмайтыны хабарланған болатын.
Геннадий Головкин 5 мамыр күні жекпе-жек өткізгісі келеді. Ал GGG-мен жұдырықтасқысы келетін боксшылардың қатары мол. Атап айтар болсақ, америкалық Джермалл Чарло мен Деметриус Андраде, украиналық Сергей Деревянченко, ирландиялық Гэри О Салливан, бразилиялық Ямагучи Фалькао, мексикалық Хильберто Рамирес пен Хулио Сезар Чавес (кішісі) бар.
Отандасымыздың қарсыласы жақын күндері белгілі болады.